
Биыл өңірде адам саудасына қатысты 14 қылмыстық іс қозғалды. Еңбегі қаналып, басына іс түскен адамдардың бәріне психологиялық және материалдық көмек көрсетілді. Бұл туралы кеңес беру орталығындағы прокурорлар шаруа қожалығының басшыларымен кездесу кезінде айтып берді. Адамды еркінен тыс ұстап, жұмыс істетудің жазасы қандай? Торға түсіп қалмас үшін не істеу керек?
Адам саудасының құрбаны болғандар - қылмыстық істің жәбірленушісі. Бір өкініштісі қылмыстық іс барлық жағдайда қозғала бермейді. Дегенмен кез келген жағдайда жапа шегушілерге көмек көрсетіледі. "Дарис" орталығында бүгінде екі бірдей іс қаралып жатыр.
Шаруа қожалықтарының басшыларына адам еңбегін пайдаланғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылатындығы жөнінде айтылды. Айта кетерлігі, жәбірленушілер адам саудасының құрбаны болғанын бірден түсіне бермейді. Оған қоса адамды еркінен тыс жұмысқа жеккендер де өздерінің қылмысқа барғандарын түсінбей қалады.
Алаяқтардың құрығына ілігіп қалмас үшін, жұмыс іздеген кезінде мұқият болған жөн. Сақ болған адам ғана аман жүреді.
Бүгінгі кездесу де құйтұрқы әрекеттердің алдын алу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Тәжірибеге сүйенсек, алаяқтар жәбірленушінің құжаттарын ғана емес, кейде бала-шағасын да кепілге алатыны белгілі болды. Баласы үшін барын салатын ана көнбіс келеді.