ШҰҒЫЛ! ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СПОРТ ШЕБЕРІ Толығырақ

ЕКІ АУЫЛҒА КӨГІЛДІР ОТЫН БЕРІЛДІ

19:23, 14 қыркүйек 2020

Өркениет көшіне ілескен өңір. Солтүстігі көршілес Ресеймен, бір шеті алқапты аймақ Қостанай облысымен шектескен Әйтеке би ауданы туралы осылай айтуға болады. Ежелден егін шаруашылығын кәсіп еткен аймақта науқандық жұмыс аяқталып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолға алынған жобалар қолданысқа берілді. Екі ауылға көгілдір отын тартылып, тұрғындар қуанышқа кенелді. Өткен сенбіде облыс әкімі Оңдасын Оразалин аталған ауданындағы бірқатар шаруамен танысып қайтты. 
Ауыл ақсақалының сөзінен қуаныштың лебі ескендей. Өңір басшысы Талдысай ауылындағы газ құбырын іске қосу рәсіміне қатысты. Енді 408 үй, 23 әлеуметтік нысан көгілдір отын пайдаланады. 
Талдысай ауылының байырғы тұрғыны Айгүл Қалиева от жағу машақатынан құтылғанына қуанышты. Жылына 10 тоннаға жуық көмір алатын оның отбасылық қаржысы енді үнемделетін болды.
Аудан орталығының көшелері тегістеліп, қайта жаңғырды. Тіпті, бұрын асфальт төселмеген жолдар адам танымастай өзгерген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жөндеуге 221 млн тг бөлінген. 4 жарым шақырым жол жөндеуден өтті. Қазіргі күні “Ауыл-ел бесігі” бағдарламасымен Жүргенов көшесінің бір жарым шақырым жолына күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл жұмыстар сәтімен аяқталса, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 27 пайызды құрайды.
Жомарт Салов жаңа баспанаға ие болып, қуанышқа кенелді. Жас отбасы үшін бұл үлкен сый. Айта кетейік, аудандық ауруханаға қарасты жатақхана ғимараты бірнеше жылдардан бері қараусыз тұрған. Өткен жылы мемлекет қазынасынан 112 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеу жүргізілді.  Үйлері апатты деп танылған 16 отбасы жаңа пәтерге ие болды. 
Халыққа қызмет көрсету орталығы, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, құрылыс, сәулет бөлімдері енді бір шаңырақ астында қызмет көрсетеді. Бұл өз кезегінде қарапайым халық үшін де тиімді екені сөзсіз. Уақытын жоғалтпай, барлық құжатын осы жерден рәсімдей алады. 
Бұл Тереңсай ауылындағы жас кәсіпкер Гүлбану Кеңесова. Туған ауылынан сән  салонын ашқан ол «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында дәріс алған. Сөйтіп «Бастау бизнес» жобасы аясында жарты миллион теңге грант ұтып, кәсібін бастаған. Аймақ басшысы Гүлбанудың жұмысына сәттілік тіледі. Бұл ауылдағы бірнеше жылдық тарихы бар Тереңсай орта мектебінде бүгінде 114 бала оқиды. Отызға жуық мұғалімі, жиырмадан астам кіші қызметкері бар білім ордасының бүгінгі тынысы қалыпты. Облыс әкімі ғимарат ішін аралап, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Мынау Сұлукөл ауылдық округі аумағындағы жылына 710 мың тонна темір кенін өндіретін карьер. Шикізат Ресей, Қытай мемлекетіне жіберіледі. Мұнда 200-ден астам жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Биыл 7 айда 332 мың тонна темір кені өндірілген. Мұндағы мамандар аймақ басшысына жұмыс жайын таныстырды. 
Өңірде егін ору науқаны қызу. Ежелден алқапты аймақта биыл 219 мың гектарға егін егілген. Оның 168 мың га дәнді-дақыл болса, қалған 17 мың гектары мал азығы, 4000 гектары майлы дақыл. Аудан диқандары ауа райы қолай болса, жиын-терім науқанын уақытында аяқтаймыз дейді
Қарабұтақ - күре жолдың бойындағы ауыл! Бір кездері кетеуі кеткен елдімекеннің тіршілігі жыл санап жақсарып келеді. Округ бойынша 4 ауылда 3 жарым мыңға тарта халық бар. Бес мектеп, екі балабақшадан өзге бірнеше әлеуметтік мекеме тұрғындар үшін қызмет етеді. Мал басы артып, кәсіпке ден қойғандар қатары көбейді. Жанашыр азаматтардың қолдауымен түрлі жоба іске асқан. Мәселен, пайдалануға берілгеніне екі жыл болған "Әкелер саябағы" ауыл ажарына ерекше өң беріп тұр. Ересектер демалып, балалар түрлі спорттық алаңдарда алаңсыз ойнайды.
Қарабұтақ ауылында алдағы уақытта бұдан өзге де тың жобалар жүзеге асады. Мектеп жанынан интернат ашылып, замануи спорттық кешеннің құрылысы басталмақ. Бірнеше көшеге тас жол төселіп, ауыл клубын күрделі жөндеу үшін жобалау құжаттары әзірленген. Округтегі Белқопа ауылын ауыз су және көгілдір отынмен қамту көзделген.
Еңбекту ауылы тұрғындарының көңіл-күйі көтеріңкі. Көптен күткен арманы орындалып, ауылға көгілдір отын жетті. Жоба  құны - 59 млн теңге. Газ құбырының ұзындығы 6 шақырымнан асады. Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын құттықтады. Үлкендер ризашылық білдіріп, ақсақалдар елге амандық тілеп, бата берді.
Еңбекту ауылындағы Төреғалиевтер отбасында болған облыс әкімі олардың қуаныштарына ортақтасты. Мейірбике  Гүлнар енді ошақпен алыспайды.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин сапар соңында Әйтеке би ауданының басшысы Дархан Ермағанбетовке мемлекеттік және жеке әріптестік шеңберінде жобаларды іске асыруды, шағын және орта бизнес саласын дамытуды тапсырды. 

Дархан Мектепбай

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

"ШАҢЫРАҚ" БАҒДАРЛАМАСЫНА ӨТІНІМ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ
20:10, 28 қазан 2020
"ШАҢЫРАҚ" БАҒДАРЛАМАСЫНА ӨТІНІМ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ
Толығырақ...
АҚЫН Т.АЙБЕРГЕНОВ АТЫНДАҒЫ КОНФЕРЕНЦ-ЗАЛ АШЫЛДЫ
15:52, 27 қазан 2020
АҚЫН Т.АЙБЕРГЕНОВ АТЫНДАҒЫ КОНФЕРЕНЦ-ЗАЛ АШЫЛДЫ
Толығырақ...