Екі қабатты тұрғын үй құлағалы тұр

Чернышевский көшесіндегі №105 үй құлағалы тұр. Жарты ғасыр бұрын салынған баспананың қабырғасына сызат түсіп, шатыры шатынай бастапты. Бірақ, ғимарат апаттық жағдайда деп танылмаған. Қала билігінен көмек сұрап шаршаған тұрғындар бізге хабарласып, шағымдарын жеткізді.

20:08, 17 мамыр 2017   171

ГҮЛБАҒДА ҚАЙРАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ

- Бұл үй 1966 жылы салынған. 1988 жылы арнайы комиссия апаттық жағдайда деп таныса да, құжат әзірленбепті. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін, мүлдем қараусыз қалдық дейді тұрғындар. Қамыстан салынған үй жанатын болса, бір мезетте бірнеше отбасы баспанасыз қалады.

Бояп-сырлап, тұрғындарының күтіп ұстағанының арқасында құламай тұрған үй әбден шөккен. Едені шіріп, баспалдағы шегесіне әрең ілініп тұр. 12-ші пәтердің иесі қабырғасы шытынап, төбесі құлағалы тұрған баспаналарында жандарын шүберекке түйіп отыр. Кезінде жатақхана ретінде салынған үйден 3 жыл бұрын Роза Шайзадина 3 млн 200 мың теңгеге пәтер сатып алыпты. Ай сайын жөндеу жұмыстарын жасауға мәжбүрміз дейді.

РОЗА ШАЙЗАДИНА, ЧЕРНЫШЕВСКИЙ КӨШЕСІ, 105 ҮЙ ТҰРҒЫНЫ

Бұл үйдің мәселесі белгілі болғанымен, көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. "Қалалық әкімдіктен мамандар келеді де, кетеді, еш нәтиже жоқ" дейді тұрғындар. Олар үйді апатты деп танып, сүріп тастаса да қарсы емес. Себебі, қалың ұйқыда жатқанымызда құлап, үйінді астында қаламыз ба деп қорқады.

ҚАЙРОЛЛА КӨКІМБЕКОВ, ЧЕРНЫШЕВСКИЙ КӨШЕСІ, 105 ҮЙ ТҰРҒЫНЫ

Тұрғындар шағымын қалалық әкімдіктегілерге жеткізгенімізде, олар апатты жағдайда деп тану үшін үйдің жағдайын қайта қарайтындығын алға тартты.

Гүлбағда Қайратқызы

«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының ресми сайты

Ақтөбе қаласы, 030002, Т.Ахтанов көшесі, 54 үй Байланыс телефондары: 8 (7132) 22-11-44