Әлеуметтік әлеуетті көтеру - ортақ міндет

Ақтөбе облысының әкімі көпшілікті "Туған жер" бағдарламасына үлес қосуға шақырды.

21:49, 17 шілде 2017   92

Әсіресе, бұл істе ақтөбелік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері белсенді болуы шарт. Әр адам өз мүмкіндігіне сай үлес қосқанда ғана облыс имиджін қалыптастырып, беделін асқақтатуға мүмкіндік бар. Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласы аясында Ақтөбе облысында "Туған жерге тағзым" акциясы жалғасуда. Ауыл, ауданнан басталған шара "Ақтөбе-құтты мекен" форумына ұласқалы отыр. Туған жерге қолдау көрсету үшін қыркүйек айында облыс орталығына әлемнің 15 елі мен Қазақстанның әр түпкіріндегі ақтөбеліктер бас қосатын болады. Мұның өзі көптің назарын аударып, өзге өңірлерге үлгі боларлық іс. Бұқаралық ақпарат құралдары бұл шараны барынша насихаттап, өздері де үлес қосуы шарт.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

 -Әр ақтөбелік біріншіден өзінің туған жері, екіншіден өңірінің, оның ішінде облыс орталығының дамуына үлес қосуы керек. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Не үшін біз "Ақтөбені құтты мекен" деп жүрміз.  Біз Ақтөбені расымен де батыс өңірінің орталығы жасағымыз келеді. Ақтөбені агломерацияға айналдыру бекерден бекер жасалып жатқан жұмыс емес. Біз сол үшін де барлық талапқа сай болуымыз шарт. Менің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен сұрайтыным, бұл туралы көбірек жазу, айту қажет. Өздеріңіз де үлес қосып, белсенділік танытыңыздар.

Бұдан өзге баспасөз конференциясында 6 ай ішінде атқарылған әлеуметтік бағыттағы жұмыстар сөз болды. Ақтөбеде 8000 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін 16 мың адам еңбекпен қамтылады. Бүгінде облыста 23 мектеп салынуда.  14-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. 29 денсаулық сақтау нысаны бой көтеруде, дені - елді мекендерде. Бұл -келер жылы ауыл тұрғындары 100 пайыз медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі деген сөз. Аудан мен облыс орталығындағы экология мәселесі де өңір басшысының назарында. 

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

-Бұл мәселемен өткен жылдан бері айналысып келеміз. Бірақ бұл ұзақ жылдан бері көтеріліп келе жатқан сұрақ. Жағымсыз иісті жою үшін өндіріс орындарына талапты күшейтіп, экологиялық нормативті қадағалайтын арнайы қондырғылар орнатуды жоспарлап отырмыз.  Қазір ресейлік мекемелермен келіссөздер жүргізілуде.  Экология департаменті мен облыс әкімдігі де осы мақсатта жұмыстарды қолға алды

 

Жергілікті биліктің жіті қадағалауындағы жұмыстың бірі - су тасқынынан зардап шеккендердің баспанамен қамтылуы. Жері берілген, құмы төгілген, құрылысы басталған істі облыс әкімінің өзі қадағалап отыр. Табиғи апаттан жапа шеккендерді қолдау үшін құрылған "Қолғанат" қорында жиналған қаржының жұмсалуы да бақылауда. 

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

 -Барлық жақтан  қорға 167 миллион теңге жиналды. Оның 87 миллион теңгесін таратып бердік. 100 мыңдап, 800 мыңдап, миллиондап бердік. Қазір "Қолғанат" қоры өз миссиясын аяқтау керек.

"Қолғанат-Ақтөбе" қайырымдылық қоры су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау негізінде ашылды және көптеген адам өз үлесін қосып, баспанасыз қалғандарға  көмек көрсетті. Бұл қордың қажеттілігі әлі де талқыға салынады. Өйткені өңірде мүгедектерге қолұшын беретін "Парыз" қайырымдылық қоры бар.  Екі қордың бірі жұмысын жалғастыру керек,-деді облыс басшысы.

Райгүл Еншібайқызы

«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының ресми сайты

Ақтөбе қаласы, 030002, Т.Ахтанов көшесі, 54 үй Байланыс телефондары: 8 (7132) 22-11-44