ШҰҒЫЛ! 1 желтоқсан - ҚР-ның Тұңғыш Президенті күні Толығырақ

«Көкжар» жәрмеңкесінің 150 жылдығы аталып өтті

17:30, 11 қыркүйек 2017

Әйгілі Көкжар жәрмеңке қайта жаңғырды.

Ойыл жұрты Көкжардың 150 жылдығын кең көлемде атап өтті. Мерейтойға Ақтөбеден бөлек, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарынан меймандар келді. Екі күн бойы салт-дәстүрлеріміз насихатталып, ұлттық спорттық ойындар ұлықталды. Жәрмеңке өтіп, тетарландырылған көрініс қойылды.

Көкжар жәрмеңкесі - елімізде тарихи ғимараттары сақталған жалғыз орын. Сауда қатарлары, кіріс-шығыс құжаттарын жүргізген комитет үйі, мешіті мен көпестердің үйі секілді тарихи ғимараттар тек Ойылда сақталған. Ауқымды шара екі күн бойы Ойылды ән мен күйге бөледі. Қолөнер шеберлерінің, асыл тұқымды малдардың көрмесі ұйымдастырылды. 18 ғасырда салынған сауда орындары қайта жаңғырып, бес өңірден келген бірнеше кәсіпкер өз өнімдерін ұсынды. Ет-сүт, ара балы, тары-талқан  арзан бағамен сатылды.

РЫСТЫ МАЙЛЫБАЕВА, ОЙЫЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

- Мына көкжар жәрмеңкесі бұдан бұрын да осылай болып кетті. Атағы гүрілдеп, елге танылған. Асан қайғы көрген жер. Осы Көкжарымызды мақтан етеміз біз

Ақ жаулықты әжелер киіз басты. Қолөнер шеберлерінің саудасы қызды. Осылайша Көкжар жәрмеңкесі қайта жаңғырды. Уақытты кері айналдырып, 19 ғасырды оралтқандай болды. Аудандық музейде сақталған құнды жәдігерлер көпшілікті қызықтырды.

МАРАТ ҚАБИЖАНҰЛЫ, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ

- Атағы шыққан көкжар жәрмеңкесі бұл.  Ақтөбеде болған. Сонай Оралдан, Доңызтаудан адамдар келген. Айтайын дегенім, болашақта мұны көркейтіп, әр жерде болмай, үлкен бір орталыққа жинаса, жақсылап ұйымдастырса, көпке үлгі болар еді

Тарихқа зер салсақ, Ойыл жәрмеңкесіне көршілес Орал, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарының өкілдері де келген. Ауылы аралас, қойы қоралас өңірлердің бүгінге дейін байланысы зор. Кәсіпкерлік қанатын кеңге жайып, алыс-беріс, барыс-келіс арта түсті. Бұл тәуелсіздіктің жемісі дейді атыраулық меймандар.

МАҚСОТ МҰҚАНОВ, ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ (АТЫРАУ ОБЛЫСЫ)

- Көршімізде үлкен той болған соң көтеруге келдік. Ауданнан 100-ге жақын адам келдік. Ағаш үйімізбен, спортшыларымызбен, көрмемізбен келдік. Елбасының  жаңғыруға байланысты  Көкжар жәрмеңкесі Қазақстандағы ең үлкен үш жәрмеңкенің бірі болған. Біздің ата-бабаларымыз осы жерде қызмет жасаған

Аты әлемге мәшһүр болған көкжар жәрмеңкесі Ойыл жерінде жылына екі мәрте өтіп, тауар айналымы жөнінен басым түскен. Өңірдің гүлденуіне үлес қосты. Қазақтар өзге ұлттардың тауарларына киіз текеметті, жүннен тоқылған кілемді, түлкі, қарсақ, қасқыр терілерінен тігілген ішек-тондарды айырбастаған. Бұл көріністер "Көкжардың жәрмеңкесі жаздай сайран" атты театрландырылған қойылымында көрсетілді. Онда өзге елдің саудагерлерінен бастап, көш-керуен жүріп, тарих қойнауында қалған жәрмеңкені тағы бір еске салды.

Тарихсыз болашақ жоқ. Өскелең ұрпақтың парызы - экономикалық және мәдени құндылықтарды сақтау. Осылай деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиналғандарды мерекемен құттықтады. Өңір басшысы Ойыл ауданының дамуына үлес қосқан 5 кәсіпкерді алғыс хаттармен марапаттады. Бұдан бөлек, алты отбасыға коммуналдық тұрғын үйлердің кілтін табыстады.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

- Тарихсыз болашақ болмайды. Тақыр жерге шөп өспейді дейді. Барлығының өзінің негізі болуы керек. 25 жылдағы біздің дамып жатқанымыз сол ата-бабаларымыздың төккен қаны мен терінің арқасында. Қазіргі Қазақстанның бүкіл әлемге танылып, Қазақстанды бүкіл әлем мойындап, елімізде өтіп жатқан халықаралық саммиттер, форумдар оның барлығы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дұрыс жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатының арқасында. Мынадай жәрмеңкені, мынадай іс-шараны ұйымдастыру оңай емес. Біз Ойыл ауданының мүмкіндігін, экономикалық жағдайын жақсы білемізғой. Бірақ,  соған қарамастан, жоқтан бар жасап, осының барлығын дайындап, осыдан 150 жыл бұрын жәрмеңкенің қалай болғанын көрсетіп отыр

Бұл күні ұлттық ойындар ұлықталды. Спортшылар аламан бәйге, тоқ бәйге, аударыспақ, теңге ілу, қазақ күресі, гір көтеруден күш сынасты. 25 киіз үй тігіліп, этноауыл құрылды. Көпшілік тағамнан дәм татты. Тахауи Ахтанов атындағы облыстақ драма театрдың актерлері Табыл Құлиястың "Мұхит" спектаклін ұсынды. Ал, шара соңы аудан өнерпаздарының гала концертімен аяқталды.

Жұлдыз Алмасқызы, Жанәділ Сағиев

Тақырып бойынша материалдар

Енді мопед пен велосипед мінгендер жол жиегінде еркін жүре алады
19:11, 21 қараша 2017
Енді мопед пен велосипед мінгендер жол жиегінде еркін жүре а...
Толығырақ...
Өңірде ажырасқандар саны азаймай отыр
18:39, 21 қараша 2017
Өңірде ажырасқандар саны азаймай отыр
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

Такси жүргізушілеріне қатысты шағым көп
17:08, 17 қараша 2017
Такси жүргізушілеріне қатысты шағым көп
Толығырақ...
Балабақшалардың жұмыс кестесі өзгереді
17:20, 16 қараша 2017
Балабақшалардың жұмыс кестесі өзгереді
Толығырақ...