Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығы тойланады

Биыл ойылдықтар аты аңызға айналған Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығын атап өтеді.

17:45, 10 тамыз 2017   153

Ауқымды шараның дайындығын облыс әкімі ауданға барған сапары аясында пысықтады. Жергілікті тұрғындармен кездесіп, актив жиынын өткізді. Аудан басшысының жеті айдағы атқарған жұмыстары жөнінде есебі тыңдалды.

Ұлы Жібек жолында жаңғырған Көкжар жәрмеңкесіне биыл 150 жыл толады. Осыған орай ойылдықтар 8-9 қыркүйек күндері ауқымды шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Қазір дайындық қызу. 18 ғасырда салынған сауда орындары ғимаратында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Онда мерейтой күні салт-дәстүрлеріміз насихатталып, облыс саудагерлерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылады. 25 киіз үй тігіліп, этноауыл құрылады. Көкжар жәрмеңкесі туралы бүгінгі күнге дейін зерттелмеген тың деректер айтылатын конференция өтеді. Кейін, аудандық мәдениет үйінде "Мұхит" қойылымы ұсынылып, жастарға арналған "Алтыбақан аясында" атты ойын-сауықтық бағдарламалар өтеді. Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарынан келген әнші-жыршылардың өнер байқауы жоспарланған.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты. Биыл алты айда ауданға 1 млрд.468 млн.теңге инвестиция тартылды. Қазір құрылыс саласынан бөлек, инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, қазіргі таңда Аманкелді ауылына су құбыры тартылып жатыр. Жоба құны - 238 млн теңгені құрайды. Жыл соңына дейін аяқталады деген жоспар бар. Аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, өңірде "Алтын асық", "Сыбаға", "Бизнестің жол картасы-2020" және "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағдарламалары аясында тұрғындар 159 млн.теңгеге шағын несие алған. Оның 80 пайызы мал шаруашылығын дамытуға бағытталып отыр.

Ауданның жағдайын бағамдаған облыс басшысы өңір экономикасының даму қарқынын сақтау, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру және бюджет қаражатын тиімді игеру қажеттігін атап өтті. Әсіресе, елдімекендерде мал басын көбейтіп, дәстүрлі емес ауыл шаруашлығын дамыту міндеттелді.

Жиын соңында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев аудан әкіміне мерейтой дайындығына көбірек көңіл бөлуді тапсырды. Ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылған.

Жұлдыз Алмасқызы, Самат Қалекенов

 

«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының ресми сайты

Ақтөбе қаласы, 030002, Т.Ахтанов көшесі, 54 үй Байланыс телефондары: 8 (7132) 22-11-44