ШҰҒЫЛ! ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СПОРТ ШЕБЕРІ Толығырақ

МҰНАЙЛЫ АУДАНДА ЖАҢАЛЫҚ КӨП

16:26, 12 қазан 2020

Мұғалжар ауданында бірқатар оң өзгеріс бар. Кеңес заманынан бері жаңаланбаған көшелер жөндеуден өтіп, үй аулалары заман талабына сай өзгертілген. Көпбалалы отбасылар қоныс тойын тойлап жатыр. Ауылдарда да жаңалық көп. 
Бұл Ақкемер ауылы. Көгілдір отын, ауыз сумен толықтай қамтылған. Биыл 4 көшеге асфальт төселеді. Меңдіқұлов, Әйтеке би, Есет батыр көшелерінің қосалқы жұмыстары ғана қалған. Көтібар батыр көшесіндегі шаруа енді ғана қолға алынып жатыр. Құрылыс жұмысының бюджеті ауқымды. Мәселен, 1 жарым шақырымды құрайтын бір ғана Меңдіқұлов көшесіне 69 млн теңге жұмсалған.   
Өзге де ауылдық округтердің кеңес заманынан бері жөндеу көрмеген жолдары да қалпына келтіріліп жатыр. Жұрында үш көшеге асфальт төселген. Ал, Еңбек ауылдық округінің орталығы Сағашилінің 5 көшесі күрделі жөндеуден өткен. Оған қоса, бұл ауылда жаяу жүргіншілер жолағының маңына оқушы, учаскелік инспектор көлігі мен ірі қара малдың макеті қойылған. Өйткені, таң ала бере өріске кеткен ауыл малы кешқұрым қайтар уақытта жиі көлік апатына себепкер болады. Сондықтан қараңғыда көзге алыстан көрінетін мұндай макеттердің пайдасы зор. 3000-ға жуық тұрғыны бар ауылдың жағдайы өзгелерден көш ілгері деуге болады. Тұрғындар жаңа емханаға қаралып, оқушылар жаңа мектепте білім алуда. Дәріхана сөрелерінде ең қажетті дәрі-дәрмек қоры бар.  
Жұрын орта мектебі биыл 84 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткен. 500 тоннаға жуық көмір сатып алынған. Қыс бойы мектепті жылытуға молынан жетеді,-дейді мектеп әкімшілігі. Жұрынның негізгі мәселесі - көгілдір отын. Газ болмағандықтан ауыл халқының басым бөлігі Қандыағаш қаласына қоныс аударып жатыр. Осылайша, 2000 халықтың қазір 1462 -сі тіршілігін жалғастыруда.    
Аудан орталығы Қандыағаш қаласында мемлекеттік бағдарламамен салынған 3 көпқабатты үй бар. Жаңа пәтер кілті алдымен жылдар бойы кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға табысталды. Саналы ғұмырын білім саласына арнаған 8 баланың анасы Орындық Жармағамбетоваға екі бөлмелі пәтер бұйырды. Аққкемер ауылына қарасты Жарық елді-мекенінде тұрған. Енді қарттық шағын жайлы пәтерде немересімен өткізіп отырған жайы бар.   
Қандыағаштағы әлем, ел чемпиондарын даярлаған спорт мектебі биыл мемлекеттік бағдарламаға ілігіп, бір жаңарып қалған. 1964 жылы негізі қаланған мектеп бір кездері жекенің қолына кетіп, жайысыздың күйін кешкен еді. Қазір балалар мен жасөспірімдер 12 спорт түрінен жаттығуда. Сонымен бірге қала халқы да осы мектеп стадионында жүгіріп, футбол ойнайды.    
Аудан орталығында көпқабатты 25 тұрғын үйдің ауласы абаттандырылған. 1952-53 жылдары салынған ескі үйлер бірте-бірте қалыпқа келе бастады. 
Аудандағы атқарылған шаруаның барысы осындай. 9 айдың қорытындысын шығарған әкімшілік мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылғанын айтты. 600-ге жуық жұмыссыздың екі қолына күрек ұстатқан. 

ГУЛЬНАРА ЖОЛЖАНОВА

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

"ШАҢЫРАҚ" БАҒДАРЛАМАСЫНА ӨТІНІМ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ
20:10, 28 қазан 2020
"ШАҢЫРАҚ" БАҒДАРЛАМАСЫНА ӨТІНІМ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ
Толығырақ...
АҚЫН Т.АЙБЕРГЕНОВ АТЫНДАҒЫ КОНФЕРЕНЦ-ЗАЛ АШЫЛДЫ
15:52, 27 қазан 2020
АҚЫН Т.АЙБЕРГЕНОВ АТЫНДАҒЫ КОНФЕРЕНЦ-ЗАЛ АШЫЛДЫ
Толығырақ...