ШҰҒЫЛ! 7 жасар спортшы әлемдік рекорд орнатпақ Толығырақ

Облыс әкімі Ойыл ауданында жұмыс сапарымен болды

14:12, 10 тамыз 2017

Ойыл ауданында әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстары қарқынды.

Жақын күндері 60 орындық мектеп пен 20 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Оңалту орталығы іске қосылады.  Жыл соңына дейін жекеменшік балабақша да ашылмақ. Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс басшысы әлеуметтік маңыздағы ғимараттарды аралап, тұрғындармен және шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті.

Саралжын ауылдық округіне қарасты Ақкемер елді мекенінің балалары 20 күннен соң су жаңа мектепке барады. Мұнда биыл 60 орындық білім ошағы салынды.Құрылысқа облыстық бюджеттен 200 млн.теңге бөлінген. Заманауи құрылғылармен жабдықталған ғимарат жанына воркаут алаңы салынған. 81 оқушы білім алып қана қоймай, спортпен айналыса алады.  Олар бұған дейін апатты жағдайда тұрған ескі ғимаратта оқып келген еді.

Облыс әкімі ауыл тұрғындарының өтініші бойынша Құмжарған елдімекеніне де барды.   Онда ауыл клубы, медициналық пункт, Соркөл орта мектебін аралады. Оқушыларға "мектепке жол" акциясы аясында құрал-жабдықтар табысталды. Халықпен кездесіп,мұң-мұқтажын тыңдады.

Құмжарғанда ауыз су жоқ. Жол мүлде төселмеген. 500 тұрғыны бар мекенге ұялы байланыс желісі әзір орнатылмайды. Дегенмен құмжарғандықтар мәселесі назардан тыс емес.

Ауданда ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевтің ізін қуған қожалықтар аз емес. Мәселен, Құмжарған ауылына қарасты "Нәби-Диас" коооперативі биылдан бастап тары өсіруді қолға алды. 120 гектар жерге қырлық тары екті. Жалпы аудан бойынша 342 шаруа қожалығы мен 14 ауыл шаруашылық  кооперативі бар. Олар мемлекеттің көмегін тиімді пайдаланып отыр.

Ауыл шаруашылығын дамытуда Ойыл ауданының әлеуеті зор. Биыл дәнді-дақылдардың егіс көлемі үш есеге артып, 1600 гектар алқапқа дән себілді. Дегемен, бұл Ойыл өңірі үшін аз көрсеткіш. Облыс әкімі қожалық басшыларына ұсақ шаруашылықтарды ірілендіріп, мал шаруашылығын дамытуды және егіс көлемін арттыруды міндеттеді.

Аймақ басшысы аудан орталығындағы Ойыл қазақ орта мектебіне барды. "Дипломмен ауылға" барған жас мамандар және дарынды оқушылармен кездесті. Болашақта аудан әлеуетін көтеруге ниетті жастардың бірі - Олжас Жәрдемов. 6 сынып оқушысы түйе шаруашылығын зерттеп жүр.  "Зерде" республикалық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы "Бозінген" бағдарламасын жүзеге асырып, Ойсылқара төлін көбейтпекші. 

Саралжын ауылындағы "Спарта" шаруашылығы облысқа жақсы таныс. 2012 жылы құрылған қожалық бау-бақшамен қатар мал шаруашылығымен айналысады. Қауын-қарбызға көрші Атырау облысы мен Қобда ауданынан сұраныс бар. Әрі ауыл тұрғындары мен оқушыларын еңбекпен қамтып отыр. Биыл қожалыққа аудан әкімдігі тарапынан 60 гектар жер беріліп, электр желісі тартылады. 

Жуырда Ойылда он бес бір пәтерлі және алты бір пәтерлі коммунладық тұрғын үйлер үй пайдалануға берілмек. Жеке кәсіпкер Ақнұр Ғазизова 50 орындық мектепке дейінгі ұйымның іргетасын қалады. 20 адам жұмыспен қамтылып, Ойыл ауылындағы балабақша кезегінде тұрған 160 бүлдіршіннің мәселесі шешілмек. Бұдан бөлек, облысқа белгілі кәсіпкер Талғат Салфиков "Туған жерге тағзым" акциясы аясында 6 млн.теңгеге мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығын салып берді. Бүгінде ауданда тірек-қимыл қозғалысы зақымданған 11 бала бар. Олар күніне орталыққа келіп, 4 сағат ем қабылдайтын болады.

Логопед, дефектолог мамандар балалардан бөлек, ересектерге де медициналық көмек көрсетеді. Мұндағы әр бөлме заманауи құрылғылармен жабдықталған. Орталықтың жұмысымен танысқан облыс әкімі жоғары баға берді. Жалпы, жыл басынан бері ауданда "Туған жерге тағзым" акциясы аясында құны 42 млн.теңге болатын 26 жоба жүзеге асырылды.

Жұлдыз Алмасқызы, Самат Қалекенов

 

 

Тақырып бойынша материалдар

7 жасар спортшы әлемдік рекорд орнатпақ
18:28, 12 желтоқсан 2017
7 жасар спортшы әлемдік рекорд орнатпақ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

Бүгінде жетім балалардың саны азайып келеді
18:11, 7 желтоқсан 2017
Бүгінде жетім балалардың саны азайып келеді
Толығырақ...