
Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің басшылары мен тілшілер оқырмандарымен кездесті. «Жыр арқауы - Жем-Сағыз күндері» атты басқосу Байғанин ауданындағы Жарқамыс ауылында өтті. Серіктестік басшысы Раукен Отыншин белсенді ауыл тұрғындарына белгілі ақын-жазушылардың, өзге де танымал есімдердің атындағы арнаулы сыйлықтарды тарту етті. Қазақтың сыршыл ақыны Сағи Жиенбаев атындағы сыйлықты Байғанин аудандық Мәдениет үйінің директоры Гүлжан Қонаеваға, ақын Өтежан Нұрғалиев атындағы сыйлықты және төсбелгісін ақын Аманғали Жалдыбековке берді. Жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы атындағы сыйлықты газет жанашыры Бауыржан Тәжімұратовқа тапсырды.