ШҰҒЫЛ! ҚАЛАДА 16 ҮЙ АПАТТЫ ЖАҒДАЙДА ТҰР Толығырақ

Өңірде мұнай кен орындары көбеюі мүмкін

15:08, 8 ақпан 2018

 

¤Өңірде мұнай кен орындары көбеюі мүмкін. Жер қойнауын пайдаланушылардың барлау жұмыстарына жергілікті билік қаржы бөлмек. Алайда, жұмыс істеуге құлықсыз кәсіпорындар бар. Бүгін облыс әкімдігінде өткен жиында әлеуметтік міндеттемелерін орындамай отырған компаниялардың мәселесі қаралды. Оған энергетика, инвестиция министрліктерінен келген өкілдер мен облыс әкімі қатысты.

¤

Бұл соңғы екі жылда жер қойнауын пайдаланушылар қатысып отырған төртінші жиын. Белгілі болғаны, Ақтөбеде өзінің әлеуметтік міндетін орындамаған бес инвестормен келісімшарт бұзылды. Ал, сегіз компанияға ескерту жасалды. Бұдан бөлек, 12 кәсіпорын жұмысшыларының жалақысын мүлде көтермеген.

¤

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

- Компаниялар өз жауапкершілігіне алған міндеттемелердің көбі орындалмай отыр.  Әсіресе, әлеуметтік төлемдер жағынан қарыз бар. Бұлар әр жиын сайын уәдені үйіп-төгіп, алайда іс жүзінде орындамай отыр. Кен орындарында, шетелдік компанияларда қазақстандық жұмысшылардың санын көбейтіп, олардың біліктілігін арттыруға қатысты жұмыстар да мардымсыз. Сол сияқты, өндірісте қазақстандық өнімдерді пайдалануға қатысты талап пен уәде де орындалмай отыр.

¤

Көмірсутек өндіретін компаниялар қаржылық міндеттемелерін 465 млн.теңгеге орындады. Оның 85 пайызы "СНПС - Ақтөбе мұнай-газ" сияқты ірі компанияның қаржысы. Сонымен қатар, осы кәсіпорындар былтыр облыстың әлеуметтік дамуына қаржыны жоспарланған көлемнен кем түсірген.

¤

МАХАМБЕТ ДОСМҰХАМБЕТОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ

- Компаниялардың мамандарды оқуға жіберуге қатысты қаржыландырудан қарыздары бар. 2017-2018 жылдардың қарызы 886 миллион теңгені құрады. Бұл өте үлкен қарыз. Мамандарды оқытуға СНПС Ақтөбемұнайгаз, Аман мұнай, Арал Петролиум компаниялары және Манаш серіктестігі тиісті деңгейде көңіл бөлмей отыр

¤

Сондай-ақ, өңірде қатты пайдалы қазбаларды өндіруге 30, ал, жер асты суларына қатысты 14 келісімшарт жасалған. Олардың да өздерінің міндеттемелерін орындауда жетістіктері мен проблемалары бар болып шықты.

¤

РУСЛАН  БАЙМИШЕВ, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРЛІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ

- Өнім өндіруге кеткен шығынның 76 пайызға орны толды. Өңірді дамытуға жұмсалатын әлеуметтік аударымдар бойынша қойылған талапты биыл біз 135 пайызға орындадық. Ал қазақстандық мамандарды оқыту бойынша жоспар 184 пайызға орындалды. Кең қазына, Қазкупер, Ақтөбе әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы және ЭКСПО-инжениринг компаниялары инфрақұрылымдар үшін әлеуметтік аударымдар жасамады делінген. Бірақ, біз министрлікте мұны талдап шықтық. Техникалық ақауларға байланысты аударған қаражат есептелмей қалған деген жауап алып отырмыз.

¤

Жиын соңында, өңір басшысы Энергетика министрлігінен жергілікті билік орындарына геологиялық барлау жұмыстарына жаңа техниканы қолдану үшін қолдау көрсетуді сұрады. Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев өнім көлемін ұлғайту, жергілікті кадрларды оқыту, мұнай кен орындарын ашу үшін барлау жұмыстарын жүргізу және жұмысшылардың жалақысын көтеру қажет деп кәсіпорындарға тапсырма жүктеді.

Жұлдыз Алмасқызы

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

МОДЕРНИЗАЦИЯҒА БАҒЫТТАЛҒАН ҚАРЖЫ МАҚСАТТЫ ЖҰМСАЛУЫ ТИІС
21:05, 12 қараша 2018
МОДЕРНИЗАЦИЯҒА БАҒЫТТАЛҒАН ҚАРЖЫ МАҚСАТТЫ ЖҰМСАЛУЫ ТИІС
Толығырақ...