
Праймериздің кезекті қорытындысы шықты. Облыс бойынша Мәжіліске үміткерлер анықталды. Олардың ішінде жастар және медицина қызметкері бар. Кандидаттар қатары «Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының кезектен тыс конференциясында белгілі болды. !шкі партиялық іріктеудің ішінде мемлекеттік қызметші, медицина саласының өкілдері мен белсенді жастар болды. Аталған конференцияда пікірталас пен дауыс беру қорытындысы бойынша әлеуетті көшбасшылар анықталды.
Облыс бойынша праймериздің бірінші кезеңіне 460 үміткер қатысты. Оның 36,7 пайызын - әйелдер, 28 пайызын - 35 жасқа дейінгі жастар құрады. Кандидаттардың 50 пайыздан астамы бастауыш партия ұйымдарынан ұсынылса, өзгесі өзін-өзі ұсынушы. Дауыс беруге 28 мыңнан астам партия мүшесі қатысты. Конференция барысында мәжіліске Nur Otan-ның партиялық тізіміне үміткерлер арасында пікірсайыс өтті. Олар өз сайлауалды бағдарламасы бойынша мәселелерді шешу жолдарын ұсынып, бір-біріне сұрақ қойды.
Осы орайда айта кетсек, пікірсайыс қорытындысы бойынша 15 үміткерге «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы 109 делегат дауыс берді. Нәтижесінде ең көп ұпай жинаған төртеуі облыстың өкілдік квотасына сәйкес Мәжілістегі партиялық тізімге үміткер ретінде енді. Атап айтқанда, грек-рим, еркін және әйелдер күресі облыстық федерациясының президенті Рахат Сыдықов ең көп дауыс жинады. Екінші орынды 96 дауыспен мемлекеттік қызметкер Аманғали Бердалин иеленді. Сонымен қатар тізімге жеке клиниканың бас директоры Ғалымжан Елеуов, «Jas Otan» Жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталин кірді.
Конференцияда облыстық сайлауалды бағдарлама бекітіліп, 25 қарашада өтетін "Nur Otan" партиясының кезектен тыс съезіне делегаттар сайланды.
Конференияда облыстық мәслихатқа 50 адамнан тұратын партиялық тізім бекітілді. Оның ішінде әйелдердің үлесі 9 пайыздан 30 пайызға дейін, ал 35 жасқа дейінгі жастар - 20 пайызға артты. Тізімдегілердің 41 пайызын шағын және орта бизнес өкілдері құрады.
Дархан Мектепбай