
Шалқар ауданында темір бетон бұйымдар шығаратын зауыт жұмысын жаңғыртты. Үш жыл тоқтап тұрған кәсіпорын қайтадан толық қуатында жұмыс істей бастады. Бүгінгі таңда өндірісте құрылыс индустриясы үшін барлық қажетті материалдар шығарылады.
Көлемді өндірістің екінші тынысы ашылды. Қаржының тапшылығына байланысты қиындықтар салдарынан тоқтап қалған Шалқардың темір бетон бұйымдар зауыты қайта ашылды. Ақтөбе м ен Атыраудың құрылысшыларынан ірі тапсырыстар түсе бастады. Бұл жерде құрылысқа қажетті бұйымдардың негізгілері өндіріледі.
Болашағы зор өндірістің жұмысы жанданғанына тұрғындар қуанышты. Зауыт ауданды құрылыс материалдарымен ғана емес, жұмыс орындарымен де қамтамасыз етіп отыр. Нәтижелі еңбекпен қамту бағдарламасының арқасында зауытқа 44 маман жұмысқа алынды.
Келесі жылы кәсіпорын толық қуатында жұмыс істей бастайды. Сол кезде тағы да 50 шалқарлық еңбекпен қамтылады.