
Желтоқсан айынан бастап қоғамдық көліктердің барлығына электронды билет енгізу жоспарланып отыр. Ал, жаңа жылдан кейін "Ақтөбе-Қандыағаш" тас жолында қайта жаңғырту жұмысы басталады. Сапасы басты назарда. Кемшілік жіберген мердігерлер өз қаржысын жұмсап, олқылықтың орнын толтырды.
Шұрық тесік көшелерді жөндеп, халық игілігіне сапалы жол салу үшін қазына қаражатынан биыл 40 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бүгінгі күнге дейін бұл ақшаның 37 миллиард теңгесі игерілді. Ал атқарылған іс қанша?
Жылдағыдай емес жауаптылар жол жөндеуге биыл ерекше көңіл бөлді. Сиқы кеткен біраз көшенің ажары кіріп қалды. Бұған тұрғындардың өздері де куә. Әйтсе де көкейде бір сұрақ бар. Тас жолдардың сапасы қалай болмақ? Көктем келісімен асфальт жамылғысының қар суымен бірге еріп кетпейтініне кім кепіл?
Қаланың өзінде 117 жоба жүзеге асты. 113 шақырым жол жөндеуден өтті. Әсіресе ала жаздай жабық тұрған Арыновтағы көпір мен Сәңкібай батыр көшесінің ашылуын тұрғындар тағатсыздана күтті. Нәтиже жаман емес. Жөндеу ойдағыдай аяқталып, ел игілігін көріп отыр.
Қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін толықтай енгізу жоспарлап отыр.
Ұзақ жылдан бері жөндеу көрмеген "Ақтөбе - Қандыағаш" тас жолының мәселесі де жуырда шешілетін болды. Жолшылар жаңа жылдан кейін бұл бағыт бойынша қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алмақ.
Облыстық маңызы бар жолдардың жалпы көлемі 4800 шақырымды құрайды. Қарқынды жөндеу жұмыстарының нәтижесінде биыл жол сапасы 59 пайызға жақсарды.