ШҰҒЫЛ! ӨҢІРДЕ ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІМ БАҒАСЫ ТҰРАҚТЫ Толығырақ

ЖУРНАЛИСТ, ЖАЗУШЫ ҰЗАҚБАЙ ҚАУЫС ДҮНИЕДЕН ӨТТІ

20:18, 15 тамыз 2019

Қазақ журналистикасы ауыр қазаға ұшырады. Саналы ғұмырын қазақ руханиятының, қазақ журналистикасының дамуына арнаған танымал журналист, жазушы Ұзақбай Қауыс дүниеден өтті. Қаламы жүйрік, сөзі өткір тарихи тұлға бір ай ғана бұрын жетпіске толған мерейтойын замандас, шәкірттерімен бірге атап өтіп еді. Бүгін оны Ақтөбе халқы мәңгі сапарға шығарып салды. Қаламымен елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған журналист қай тақырыпты қаузап, жазса да айтар ойы халықпен үндес болды. Қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Ұзақбай Қауыстың досқа адал, кішіге қамқор болған азаматтық болмысы бір төбе еді,-дейді замандастары. Шалқар топырағында туған арда ұл - бар ғұмырын журналистикаға арнады. Еңбек жолын Мұғалжар аудандық "Еңбек таңы" газетінен  бастап, кейін Темір аудандық «Темір», «Тура би» басылымдарының бас редакторы, «Халық кеңесі» газетінің Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілшісі, «Қазақ тілі» ұйымының төрағасы болды. Облыс әкімінің кеңесшісі қызметін де атқарды. Бірнеше тарихи кітаптардың авторы. Қай жұмысты да жауапкершілікпен атқара жүріп, шығармашылық ізденістерін ешқашан тоқтатқан емес. Қарымды қаламгердің  «Көтібар - ел қорғаны», «Ұлағат», «Айтарым бар, адамдар» және басқа кітаптарын оқырман жылы қабылдады. Әріптестері Ұзақбай ақсақалдың ел тәуелсіздігін жариялап, кем-кетігін түгендей бастағанда тілімізді, мәдениетіміз бен өнерімізді, салт-дәстүрлерімізді дәріптеп, насихаттауға қаламының күшімен-ақ көп еңбек сіңіргенін айтады. "Қазақ журналистикасының ардагері" төсбелгісінің иегері Ұзақбай Қауыс биыл шілде айында 70 жасқа толды. Әріптестері, замандастары мен шәкірттері, Ақтөбе жұрты ешқашан да ұлы есіміді ұмытпақ емес. Танымал азаматтың зайыбы мен үш баласы, немерелері бар.  "Ақтөбе" телеарнасының ұжымы белгілі журналист, қаламгер, Ұзақбай Қауыстың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туысына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.

Азамат Әбілқайыр

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

ЕЛ ЕҢСЕСІН КӨТЕРЕТІН БЕЙНЕБАЯН ТҮСІРІЛДІ
22:25, 3 сәуір 2020
ЕЛ ЕҢСЕСІН КӨТЕРЕТІН БЕЙНЕБАЯН ТҮСІРІЛДІ
Толығырақ...