ШҰҒЫЛ! ТЕЛЕЖУРНАЛИСТЕР АРАСЫНДА ҮЗДІК ЖУРНАЛИСТІК ЗЕРТТЕУГЕ АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУ Толығырақ

ЖЫЛҚЫ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚОЛДАУҒА МҰҚТАЖ

17:30, 18 қараша 2019

Жылқы-ысқырса желдікі, айдаса жаудікі. Соңғы кезде өңірде барымташылардың басынғаны соншалық, олар  жылқыны жалқылап емес, үйірімен ұрлауға көшкен. Ұрылардың жолын кесу үшін аймақта  қанатқақты жоба ретінде JPS жүйесін енгізу жоспарлануда. Арнайы  селекциялық орталық ашу міндеті тұр. Осы және өзге де мәселелер "Өнімділік бағыттағы  жылқы шаруашылығының  бүгіні мен ертеңі" тақырыбында өткен   республикалық ғылыми- тәжірибелік конференцияда талқыланды.

Республикалық семинар "Мұғалжар жылқысы" серіктестігінде ұйымдастырылды. Шаруашылық асыл тұқымды мұғалжар және көшім жылқыларын өсіріп отыр. Азық-түлік өндірумен қатар, өнеркәсіпке тері, қыл, ауыл шаруашылығына күш-көлік, жылқы қанынан емдік вакцина, сарысу дайындайды. 8 жыл бұрын негізі қаланған фермада қазір 412 қамбар ата төлі бар. Жиынға жылқы шаруашылығымен айналысып отырған осындай бірнеше серіктестік басшылары мен ғылыми орталық қызметкерлері қатысты. Аймақ басшысы аграрлық секторды экономиканың драйвері ету-  Елбасы қойған тапсырма екенін айтып, көшпенді қазақ үшін сәйгүліктің орны қашан да ерекше деді.

ОҢДАСЫН ОРАЗАЛИН

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Мінсе көлік, сойса азық болған, алысты жақындатып, жауға шапқанда арқыратып рух берген жылқы малының біздің өміріміздегі орны ерекше болып қала бермек. Әрине бүгінгі даму үрдісімізде жылқы малының басты көлік ретіндегі рөлі азайғанмен, азық ретіндегі рөлі күннен күнге артуда. Жылқы етінің ағзаға тигізер пайдасы бүгін ғылыми дәлелденіп, бүкіл әлемде сұраныс көбейуде......

Ақтөбелік селекционерлер жылқы тұқымын сақтау, жалпы осы  салаға деген көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет деп есептейді. Асыл тұқымды мал басын көбейту үшін ғылыми ізденістің маңызы зор. Осы мақсатта мамандар Ақтөбе тәжірибе стансасының жанынан селекциялық орталық ашуды  көздеп отыр. Халық арасында  қымыз ішу мәдениетін қалыптастырып, ұлттық сусынды мектеп оқушылары мен   сарбаздардың  тамақ мәзіріне енгізу қажет. Жергілікті жылқы тұқымдары палатасының директоры Еркегүл Тілеген осылай дейді. Бүгінде палата тарапанынан мал ұрлығының алдын алу үшін   JPS жүйесін орнату жоспарланып отыр. 

Сандарды сөйлетсек, соңғы 15 жылда облыста жылқы шаруашылығы қарқынды дамып, екі есеге артқан. Асыл тұқымды жылқы басы 22 мыңнан асады. Республика бойынша сапа көрсеткіші әлдеқайда жоғары. Жиынға қатысушылар облыс басшысынан заман талабына сай мал қора салу, бос жатқан жерлерді пайдалануға беру мүмкіндігін қарастыру бойынша қолдау көрсетуді сұрады.  Шаруаларды әсіресе субсидиялау мәселесі мазалайтынға ұқсайды.

 Шаруалардың ұсыныс-тілегі облыс әкімдігінің қаперінде болады. Аймақ басшысы бұл салада жұмысты әлі де жандандыру керектігін айтты.

ОҢДАСЫН ОРАЗАЛИН

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

 "Менің өңірге алғаш келгенде өздеріңізге ұран етіп тастап, қолдау сұраған басты бағдарламаларымының бірі де осы, «қаланы жанға толтырсақ», сонымен қатар «даланы малға толтыру» болғанын білесіздер. Төрт түлік малдың қай-қайсысын да өсіріп-өндіруге бізде толық жағдай бар. Соның ішінде жылқы малының алар орны ерекше. Оған лайықты жағдай бар, қажетті жайылым да жеткілікті. Біз күні кешеге дейін жылқы малын асылдандырудың ғылыми жолын негіздеген өңірміз. «Көшім» тұқымымен «Мұғалжар» жылқысы тек біздің өңірдің ғана емес, барша қазақ елінің мақтанышына айналып, сұраныс күннен күнге артуда"

Семинар қорытынды бойынша, Оңдасын Оразалин жауапты мамандарға мемлекеттік қолдау бағытында өзгерістер енгізуге ұсыныстар берді. Ғылыми  жетістіктерді өндіріске енгізу үшін қазынадан қаржы бөлу мәселесі қарастырылатынын айтты. Сондай-ақ,  жылқы  шаруашылықтарын жайылымды жерлермен қамтамасыз ету, пайдаланбай жатқан жерлерді қолданысқа енгізу тұрақты бақылау алынбақ.

 

Гүлдана Абайқызы

 

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

ТЕЛЕЖУРНАЛИСТЕР АРАСЫНДА ҮЗДІК ЖУРНАЛИСТІК ЗЕРТТЕУГЕ АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУ
13:14, 24 қыркүйек 2020
ТЕЛЕЖУРНАЛИСТЕР АРАСЫНДА ҮЗДІК ЖУРНАЛИСТІК ЗЕРТТЕУГЕ АРНАЛҒА...
Толығырақ...