
Қалалық оқушылар сарайының өнерпаздары шалғай аудан, ауылдардан келген аналарды қуантты.
Бұл қызғалдақты - қалалық оқушылар сарайы өнерпаздары жетекшілерімен бірігіп, өз қолдарымен жасапты. Қызғалдақ - көктемнің, жылылықтың, достық пен қуаныштың символы дейді олар. Ұйымдастырушылар гүлді алдымен келген қонақтардың назарына ұсынды. Көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Содан соң, мерекелік шараны көрермендер залында жалғастырды. Әннен шашу шашып, күй тартты, мың бұралған бишілер өнер көрсетті.
Шараға 100-ден аса әйелдер қауымы шақырылды. Олар түрлі салада еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан жандар. Айта кетелік, шараны облыс әкімдігі мен қалалық оқушылар сарайы бірігіп ұйымдастырған.
АҚМАРАЛ ХОН, ОБЛЫС ӘКІМІ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ ХАТШЫСЫ
Әлия Оразай