ШҰҒЫЛ! ТЕЛЕЖУРНАЛИСТЕР АРАСЫНДА ҮЗДІК ЖУРНАЛИСТІК ЗЕРТТЕУГЕ АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУ Толығырақ

ҚАЛАМГЕРМЕН ҚОШТАСТЫ

22:12, 6 тамыз 2020

Бүгін Ақтөбе жұрты белгілі журналист әрі сатирик Бердібай Кемалмен қоштасты. Еңбек жолын аудандық газеттен бастаған қаламгер, облыстық, республикалық басылымдарда абыройлы қызмет атқарды. Өз замананында «ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен сұңғыла би" Мөңке бабамыздың есімін елге таныту ісінде үлкен еңбек етті. Бүгін барлық жақындары Бердібай Кемалды ақтық сапарға шығарып салды. 
Бұл қаламгердің өткен жылы "Дала данышпаны-Мөңке би" атты жаңа кітабының тұсаукесерінде сөйлеген сөзі. Бердібай Кемал шынымен де артына өшпес із, өлмес мұра қалдырып кетті. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында дүниеге келген ол Шалқардың шағыл құмына аунап өсті. Сол дәуірде барлық жастың арманы болған ару Алматыны бозбала Бердібай да бетке алды. Өзі қалап түскен журналистика бөлімінде елге танымал ақын-жазушылармен бірге оқыды. Еліміздің әр тарабында жүрген сол достарына Бердібайдың қазасы ауыр тиді.
"Биікке шыққан сайын айылын тартып ағайыннан, дос-жараннан алыстай беретін адамдар болады. Біреулер соған ренжіп жатады соны қойшы деп. Біреулер пенде ғой деп кешіріммен қарайды. Ал мансабы қанша өссе де, өзін бірқалыпты ұстап, шамын жан-жағына жағатын, шуағын төгетін жандар да бар. Мақтанасың. "Ол - менің досым" деп, жар салғың келеді" Бұл Бердібай Кемалдың дос туралы жазған өз ойы. Сондай достарының бірі - Арман Сқабылұлы. 
Алматыдан өмірге жолдама алып келген жас Бердібайдың журналистикадағы жолы ауданда басталды. Жалын атқан жас маман ойға, қырға барып, газетіне кейіпкер іздеді. Ерінбей жазды, көп жазды. Сөйтіп өзін көрсетті, мойындата білді. Шығармашылық жұмысы Ақтөбеде жалғасты. Облыстық, республикалық басылымдарда абыроймен еңбек етті. Әдеби ортаға сатира сойылын соға келді. Дос тапты, бауыр іздеді. Сондай жанашыр ағасының бірі "Бердібайдың қазасы елдің қайғысы" деген пікірде.
Әлеуметтік желіде де оның ақкөлік адал жан екенін жазғандар көп. 
СЕРІК ЖАНБОЛАТ 
БЕРДІБЕК КЕМАЛДЫҢ ДОСЫ /АЛМАТЫ/
Емхананың қасында ұзақ тұрдық. Ол қайт демеді, мен қайттым демедім. Əңгімеміз таусылар емес. Сосын мен: "Жүр біздің үйге барайық. Мына жерде, жақын. Таңертең келе саласың. Түнде сені іздемейтын шығар. Əйтпесе түн ортасы ауып кетті. Енді сені кіргізбейді" дедім. Ол: "Жоқ, менің əлі ішетін дəрілерім бар. Енді қайтайық" деді. Сөйтіп бір-бірімізді қимай қоштастық. Сөйтсек бұл соңғы кездесуіміз екен ғой. Бəсе, неге бір-бірімізден кете алмай тұрдық десем... Ол сезіп тұр екен. Мен білген жоқпын. Білген жоқпын бауырым, досым, Бердібай! Неге ұзақ қоштасқанымызды енді біліп отырмын. Бақұл бол досым, бауырым! Бақұл бол! Қош, досым, қош! 

БАУЫРЖАН БАБАЖАНҰЛЫ
АҚЫН
"Уай, Бердібай, артық туған Мөңке бидің тұқымы!" деп Ертай Ашықбаев жырға қосқан Бердібай Кемал дүниеден озды. Бір жылға жуық уақыт талақтай жабысқан дерт ақыры алып тынды. Ойпырмай, бұндай да рухы мықты адам болады екен. Ертай ағам екеуміз Алматыдағы онкологиялық орталыққа іздеп барғанда бізге қайрат бере сөйлеп еді. Кейін де өлім туралы мүлде аузына алмайтын. 
Қаламгердің арғы бабасы Мөңке би:
Арғымақтың аяғы,
Айдай таға қағылса,
Кілегей мұздан таяр ма?
Жақсы алдына сөз айтсаң
Жабығып сөзге тояр ма? - деген екен заманында. Жақсы азамат, дарынды қаламгер туралы әлі талай естеліктер айтылары анық. Ал, Бердібайды ақтық сапарға шығар сәтте Ақтөбенің аспанына шөкімдей бұлт үйіріліп, жаңбыр төгіп өтті...

Дархан Мектепбай

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

ТЕЛЕЖУРНАЛИСТЕР АРАСЫНДА ҮЗДІК ЖУРНАЛИСТІК ЗЕРТТЕУГЕ АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУ
13:14, 24 қыркүйек 2020
ТЕЛЕЖУРНАЛИСТЕР АРАСЫНДА ҮЗДІК ЖУРНАЛИСТІК ЗЕРТТЕУГЕ АРНАЛҒА...
Толығырақ...